«Абай мұрасы – әлемдік мәдениет қазынасы» республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция
«Қолайлы мүмкіндік қиындықтар мен мәселелердің арасында жасырынып жатады» деген Альберт Эйнштейннің ойы дәл қазіргі сәттегі қолайлы жағдай қашықтықта оқытудың қиындықтың астарында қалып жатқанымен үндес тәрізді.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында білім беруді қашықтан оқытуға тиімді етіп енгізу - бүгінгі күннің басты талабы. Дәл осындай сәтте оқушының үйлесімді, қолайлы білім алуын ұйымдастыру оңай шаруа емес. Дегенмен тығырықтан шығар жол жоқ емес бар.
Оған дәлел 30.04.2020ж Пригород жалпы орта білім беретін мектебі Абай Құнанбаевтың 175-жылдығына арналған «Абай мұрасы – әлемдік мәдениет қазынасы» республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференциясын өткізу. Бұл білім ордасы үшін жаңалық емес, дәстүрлі мереке. 13 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан жүйелі жұмыс түрі. Алайда биылғы конференцияның өз ерекшелігі бар. Ол -қазіргі елімізде болып жатқан ахуалға байланысты қашықтықтан онлайн режимінде өткізілуі.
Конференцияның мақсаты әлем мәдениетіндегі Абайдың орны мен рөлін талқылау бойынша диалог алаңын құру, жеке тұлғаның әр түрлі ұрпақтардағы өз халқының мәдениетін (өнерін, білімін) дамытуға және замандастарының тарихи оқиғалар мен фактілерге деген қызығушылықтарын арттыру жағдайларына әсері туралы мәселені зерттеу болып табылады.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарына икемі бар талантты, дарынды оқушыларды анықтап, оларға көмек көрсету; балаларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту; оқушылардың кәсіби бағытына ықпал ету; ғылыми еңбектермен, құжаттармен, мұрағаттық материалдармен өзіндік жұмыс жасау дағдыларын дамыту; оқушылардың интеллектуалды-шығармашылық қызметін танымал ету – басты міндеті болып табылады.
Конференция 7 бағыт бойынша жүзеге асырылды. Әдеттегідей жас зерттеушілердің жұмысына баға беруші әділ қазылар алқасына қаламыздың ЖОО-ның оқытушы профессолар құрамы алынды. Оның ішінде осы аталған іс-шараға жыл сайын қатысатын білікті мамандар, атап айтатын болсақ: Шәкәрім атындағы СМУ-нің «E-Shakarim - электронды университет» орталығының меңгерушісі, п.ғ.к. Берикханова Г.Е., КазГЮИУ филология кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Гайнуллина Ф.А., Шәкәрім атындағы СМУ-нің биология кафедрасының аға оқытушысы Полевик В.В., қаламыздың колледждері арасынан кәсіби серіктестік аясында үнемі белсенділік танытатын және ерекше атап айтатын әріптесіміз М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің оқытушысы, дүние тану пәнінің әдіскері Байбулатова Б.М., сонымен қоса биылғы жылғы конференцияның сараптамалық комиссия мүшесіне Шәкәрім атындағы СМУ-нің орыс тілі және шет ел тілі филолгия кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к. Куребаева Г.А., ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының ғылыми қызметкері, шетел тілі бөлімінің ағылшын тілі пәнінің маманы, аудармашы Мусакиева А.Р. және мектеп табалдырығында зерттеушілік жұмыспен айналысып, талай додалардың жүлдесін қанжығасына байлаған мектеп түлектері, мектеп өміріне белсене қатысып жүрген белсенді ата-аналарымызда кірді.
Семей қаласы білім бөлімі тарапынан қатысқан аса құрметті қонағымыз - Семей қалалық білім бөлімінің дарынды балалармен жұмыс жетекшісі Жакеева Г.С. конференцияға қатысып, жас зерттеушілерге қолдау көрсетті. Әрине, осы жоғарыда аталған барлық конференция барысында ат салысқан мамандарға, қонақтарға алғысымыз шексіз.
Биылғы жылғы мектепшілік ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция нақты уақыт режимінде барлық қатысушылардың видеосөйлесу үлгісінде Интернет желісінде бизнеске арналған Skype платформасымен өткізілді. Сол себепті мектептің әдістемелік кеңесінің шешімімен конференцияға қатысушылардың аясы кеңейтілді.
Бұл еліміздің әр қаласында білім алып жатқан оқушылардың бір арнаға тоғысып, сұхбаттасуына, пікірлесуіне жол берді. Сондықтан да биыл респуликалық деген мәртебеге ие болып отыр.
Осы тұрғыда онлайн-конференцияға Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының І.Жансүгіров атындағы №58 жалпы орта білім беретін метеп-гимназиясынан, М.Дулатов атындағы №68 жалпы орта білім беретін мектеп–гимназиясынан, Қостанай облысы әкімдігі білім Басқармасының Ы.Алтынсарин атындағы мамандырылған мектеп-интернатынан, Қарағанды қаласы А.Байтұрсынов атындағы 41 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясынан, қаламыздағы №17 жалпы орта білім беретін мектебінен жалпы жиыны 71 жас–зерттеушілер қатысты.
Онлайн-конференцияға қатысып, өз ғылыми жобасын қорғаған әр қатысушы ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасына жаңа көзқарас қалыптастырып, жаңа қырынан танып, ғылыми тұрғыдан өзінше тың байламдар жасауға тырысты.
Конференцияның өзектілігі де сол - ең бастысы Ұлы Абай армандаған идеяларды іске асырып, жастардың сана-сезіміне үлкен, рухани жігер беру. Абай атамызға арналған республикалық - онлайн түрінде өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өткізіліп, кіл мықтылар анықталып, ризашылықпен тарасты. Ақын мұрасын ұрпаққа үлгі етуді көздеген іс-шара өз мәресіне жетті.