16
декабрь
2021
READx онлайн оқырмандар қалалық конференциясы
Жан-жақты талант иесі, тарихи тұлға, ұстаз, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен өнері бүгінгі ұрпақ үшін де ескірмейтін үлгі, өнеге болып табылады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жүсіпбек Аймауытов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде 2021 жылдың 14 желтоқсан күні «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында, көркем әдебиетті оқытуда шығарманың идеялық-тақырыптық мәнін меңгеру және рухани-мәдени құндылықтар жөнінде пікір алмасуға үйрету мақсатында Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығына арналған «Семей өңірі ұлы тұлғаларының бірі Ж.Аймауытов – ұстаз, публицист, драматург, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі» тақырыбындағы READx онлайн оқырмандар қалалық конференциясы өткізілді. Мектеп директоры Д.Е.Баитунов алғы сөзінде конференцияның мақсат, міндеттеріне тоқталып, конференция қонақтарымен таныстырып өтті. Қалалық Білім бөлімінің әдіскері Н.С.Байсарина құттықтау сөзінде қатысушыларға сәттілік тілей отырып, конференцияның ашылуын жариялады. Конференция қонақтары жазушының артында қалған мол мұрасын зерттеп жүрген Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Павлодар қаласындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университетінің «Үштұғырлы тіл» кафедрасының меңгерушісі А.Ф. Зейнулина, Семей қаласы Шәкәрім Университетінің PHD докторы, доцент, айтыскер ақын Қарлығаш Әубәкірова және де №41 ЖОББМ кітапханасының меңгерушісі Б.Б. Байжолтаевна жас оқырмандарымызға әділқазылық ете отырып, Жүсіпбек Аймауытов есімін ардақтап, құнды еңбектері мен елеулі істерін баяндап, өскелең ұрпаққа сәттілік тілеп, ықыластарын білдірді. Онлайн оқырмандар конференциясы READx – бұл оқырмандардың шабыттандыру алаңы, мұнда жасы мен беделіне қарамастан қатысушылар өз ой толғаулары мен жиып-тергендерін ортаға салды. READx жобасы кітап оқуды насихаттайтын дәстүрлі және заманауи тәсілдерінің бірігуі болып табылады. Осындай оқырмандар алаңында қаламыздың №16 Төлеубай Аманов атындағы ЖОББМ Қабдылхан Зәуре, Алмасқызы Айзере, Ы.Алтынсарин атындағы №37 гимназия Серікқазина Еңлік, Қизатова Әсел, №23 ЖОББМ Орашева Ботагөз, №38 ЖОББМ Әлібекқызы Арайша, Әділғазина Айжан, Ж.Аймауытов атындағы ЖОББМ Қабасова Халима, Баянова Ақниет, Мендекеев Аңсар сынды оқушыларымыз қатысып, білімдерін, ой толғауларын ортаға салып, бақ сынасып, білім қоржындарын толтырды. Оқушылар жүлделі орындарға ие болып, қалалық Білім бөлімінің грамоталарымен марапатталды. READx онлайн-конференциясының жұмысын қорытындылай келе, оқушылар кітаптан алған білімдері арқылы әлемді тануға болатындығын ұғынып, шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекетіне баға беруде өзіндік пікірлері қалыптасып, Жүсіпбек Аймауытов шығармаларын оқуға деген қызығушылықтары артқаны байқалды.











