Жүсіпбектану сыныбы - шығармашылықта!
Уақыттың уын бекер ішіп пе еді?..
Келіңдер, бақтарыңнан түсіп бері!
Дарынды дархан елдің жатыр мұнда,
Ар ұлы – Аймауыттың Жүсіпбегі! – деп білім атты алып теңіздегі жолаушылар өз кемесіне мініп Жүсіпбектану дейтін әлемге сапарға шықтық. Ол дегеніміз мектебіміздегі 8 «а» сынып оқушылары «Жүсіпбектану» сыныбы болып жасақталды. Жауапты қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Улыкбекова А.Е. Сынып ашудағы мақсат – ХХ ғасырдың басындағы ірі саяси тұлға, көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың сауатсыздықтың қараңғылығына сүңгіген халқын, ескіліктің тереңіне батқан елін қайтсем жарыққа шығарам деп, қаламын қарудай түйреп күрескен азамат, жан-жақты талант иесінің өмірі мен шығармашылық қызметімен танысу.
Сыныптың ашылу салтанатына жазушының артында қалған мол мұрасын зерттеп жүрген қаламыздағы Шәкәрім университеті филология ғылымдарының PHD докторы, Ғылым бөлімінің басшысы, әдебиеттанушы ғалым, «Алаш аудармасын» зерттеуші, айтыскер ақын Әубәкір Қарлығаш Әділханқызы және де Жүсіпбек Аймауытов өз дәуірінде білім алған қаламыздағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Калиева Сара Сырымқызы, ата-аналар, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.


Жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» әңгімесінде өмір көріністерін суреттеуде тамаша шеберлігі байқалады. Әңгіме нақты оқиғаға, өмірде болған тарихи адамның төңірегінде құрылған. Әңгіме Ертіс жағалауындағы Жетішатыр қаласының өмірінен алынған. Әңгіменің басты кейіпкері-Әмірқан. Оқиға желісі әңгімені баяндаушы мен Әмірханның арасындағы достыққа ойысады. Екеуінің сырласуы, Әмірхан мен сұлу қыз Ақтамақтың арасындағы ғашықтық хикаясы, жігіттің қызды алып қашуы, орта жолда қолға түсіп, сүйгенінен көз жазып қалуы, әншінің көз жасы. Міне, осының барлығы шағын әңгіменің арқауы болған. Осы әңгімені оқи отырып, 8-сынып оқушылары қойылым әзірлеп көрсетті.
Сондай-ақ, жас Жүсіпбектанушыларға арнайы төсбелгі тағылды. Жоспар бойынша сынып оқушыларын 4 топқа топталды.
1-топ – Қара сөз зергері
2-топ – Жүсіпбек Семейде
3-топ – Драматургшілер
4-топ – Жүсіпбек ақын
Осы топтар өз жұмыстарын жалғап, ары қарай мектеп оқушыларымен бөліспекші.